Жылқышы (лат. Numenius arquata, орыс. Большой кроншнеп) – балшықшылар отрядына жататын құс.
Тұрқы қарғадан ірілеу, 750—920 г, қанатының ұзындығы 28-33 см. Жалпы қарағанда сұрғылт түсті, бірақ иық, жауырын тұсы қауырсындарының шеті ақшыл, бел тұсы, құйрық қауырсындары, тамағының асты, бауыры ақ, мойны, жемсауы, көкірегі және екі бүйірі күңгірт теңбілді, ақшыл қоңыр сары. Тұмсығы ұзын, төмен қарай иілген.
Жылқышы Батыс Еуропада, Монғолияның солтүстігінде, Қытайда, Қара теңіз, Арал теңізі жағаларында, Еділ бойында, республикамыздың шөлді және далалық аймақтарында кездеседі. Жылқышы – жыл құсы, қыстап шығу үшін Африка, Азия, Оңтүстік Азияға барады, сәуірде қайтып, шөп арасына немесе жерді шұқырлап ұя жасайды да, оған 3-4 жұмыртқа салады. Жұмыртқасын мекиені мен қоразы кезектесіп басып, 26-28 күнде балапан шығарады. Жылқышы балық, кесіртке, жауын құрты, өсімдік дәндерін жейді. Ауыл шаруашылығына зиянды насекомдарды жеп пайда келтіреді. Жылқышы дәмді еті үшін ауланады.