Дуадақ қандай құс?

дуадақ құс Құстар

Дуадақ – (лат. Otis tarda, орыс. дрофа) дуадақтар жасағына жататын ірі құс. Қазақтар дуадақты қозыбалақ, тоқ­ты­балақ, шөл тауығы деп те атайды.

Дуадақтар жасағында 24 түр бар, Қазақстанда олардың үш түрі: дуадақ, жек (жорға) дуадақ және безгелдек тіршілік етеді.

Дуадақтың дене тұрқы күркетауыққа ұқсас. Қораздарының денесі мекиендерінен ірі, салмағы 4-11, кейде 16 кг. Мекиені 8 кг-ға дейін. “Кербез құсым – дуадақ, кем дегені он қадақ…” – деген қара өлең дуадақтың денесінің ірілігіне байланысты айтылған. Мұндағы “қадақ”сөзі ұлттық өлшем бойынша 750 грамм мөлшерді білдіреді. “Дуадақтай үлкен” деген теңеу де оның дене тұрқының ірі екендігін аңғартады.

Дуадақтың қанаттарын жайғандағы шалымы 2,4 метрге жуық. Жон арқа­сындағы қауырсындарының түсі қоңыр-қошқыл. Қораздары қанатын жайғанда қауырсындарының басым бөлігі ақ түсті теңбілді болып келеді. Қораздары қанатын жиғанда ақ түстері көрінбейді. Сондықтан қораздарын мекиендерінен дене тұрқысы мен қанаты арқылы бірден айқын ажыратуға болады.

Дуадақтың басы, мойны қоңыр, арқасы сарғылт, көлденең жолақты, бауыры ақшыл, қанаты ақ, ұшы қара. Қауырсыны тығыз, түсі торғыл сары, мойны қысқа әрі жуан, қоразының тамағының астында, тұмсығының екі бүйірінде бір топ селдір, қылшықты қауырсындары бар.Басы онша үлкен емес, әрі жалпиып келген. Көздерінің түсі сарғыш қоңырқай. Тұмсықтарының түбі жалпақ әрі жұқа болып келеді. Дуалдақтың аяқтары біршама ұзын әрі жақсы жетілген. Дуадақ денесі салмақты болғанымен жақсы ұшады және жылдам жүгіреді. Дуадақ дыбыс шығармай үнсіз жүретін өте сақ құс.

“Мал атаулыда марал кербез болса, құс атаулыда дуадақ кербез” деген теңеу сөздер дуадақтың тіршілік әрекетіне тән ерекшеліктерін байқатады.

Жек дуадақ Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында шөл және шөлейт далада мекендейді. Жек дуадақтың тіршілігі дуадаққа ұқсас. Дуадақтан ерекшелігі – денесі кішірек және мойнында қара жолақтың болуы.

Безгелдек – дуадақтардың ең кішкене түрі. Оның денесінің көлемі тауықтай. Өте шапшаң және сақ құс, лезде көзден таса болатындықтан, безгелдек деп аталады. Оны Қазақстанның батыс аймақтарынан сирек кездестіруге болады.

дуадақ қызыл кітап

дуадақ ҚазақстандаАфрикада, Еуропада, Азияда тараған. Қазақстанда Еділ, Жайық бойында, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында далалық жерлерінде кездеседі. Дуадақтар республикада Наурызым, Қорғалжын және Үстірт мемлекеттік табиғи қорықтарында қорғауға алынған.

Қыстап шығу үшін дуадақтар Солтүстік Иранға және Түркмения мен Тәжікстанның оңтүстігіне кетеді. Ұялайтын жеріне дуадақ наурыз-сәуірде келіп, сәуір-мамыр айларында жерді шұқырлап, ұя жасап, 3-4 жұмыртқа салып, 25-28 күнде балапан басып шығарады.

Дуадақ өсімдіктерді, олардың дәндерін, жәндіктерді, кейде кесірткелерді, ұсақ тышқандарды, бақаларды жейді. “Тоқтыбалақ, дегенде тоқтыбалақ, Тоқтыбалақ, жайылар шөп қуалап”, – деген қара өлең жолдары оның өсім­діктермен қоректенетіндігін және олардың топтанып тіршілік ететінін көрсетеді.

14-15 ғасырда өмір сүрген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Ши­пагерлік баян” атты кітабында “дуадақ сілікпесі“ (піскен еті), “дуадақ нілнәрі“ және “дуадақ қарақ“ деген ұғымдар дуадақ етінің шипалы қасиеті бар екендігін аңғартады. Дуадақтың еті өте дәмді болғандықтан, ертеде көптеп ауланған. Бүгінгі күні арабтың бай-манаптары дуадақтың еті адамға күш-қуат береді деп, аулауға ұмтылады.

Дуадақтарды заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортасының тарылуы салдарынан олардың саны азайып, сирек кездеседі, тіпті жойылып кетуге жақын. Оның үш түрі де Халықаралық табиғат қорғау одағының және 2010 жылы Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізіліп, қорғауға алынған. Сондықтан оны аулауға қатаң тыйым салынған.

 

дуадақ таралуы

Құстар бойынша қосымша мәліметтерді мына сілтеме бойынша оқуға болады.

Оцените статью
Добавить комментарий

Verification: 10f717cc66f744aa Verification: 91355f6475116ae7