Жиде

Ағаштар

Жиде (лат. Elaeagnus, орыс. Лох) – жиде тұқымдасының бір туысы.

Биіктігі 10 метрге дейін болатын ағаш, кейде бұта. Бөрік басы ақшыл, діні және бұтақтары жылтыр, қызыл қоңыр. Жапырақтары кезекті орналасқан, ұзынша келген не қандауыр тәрізді, ұзындығы 3-8 см, ені 0,4-1,8 см, үстіңгі беті сұрғылт көк, астыңғы жағы ақшыл. Маусым-шілдеде гүлдейді. Гүлі ұсақ, хош иісті, қызғылт сары. Жемісі бір дәнді, сүйекті, жеміс серігі ақшыл, тәтті.

Жиденің дүние жүзінде 40-қа жуық түрі, Қазақстанда 2 түрі бар. Оның бірі – сүйір жемісті жиде (Elaeagnus oxycarpa), ол – биіктігі 3-10 м, бұтақтары тікенді (1-3 см) ағаш. Республикамыздың батысында, оңтүстігінде және Жоңғар, Іле, Күнгей Алатауында, Қаратауда, өзен, көл бойындағы тоғайда, құм жиегінде, кейде сортаң жерлерде өседі.

Түрікмен жидесі (Elaeagnus turcomanica) биіктігі 3-8 м ағаш, Қазақстанның оңтүстік аудандарында өсіріледі. Жиденің құрғақшылыққа төзімді, құм тоқтату, жыра, арық, өзен бойын бекіту, қаланы көркейтуде маңызды ағаш. Сүрегі мықты, шайырынан бояу, сабағының қабығынан, жапырағынан илік зат, гүлінен хош иісті май алынады. Жемісінде 40-60% қант болады. Гүлінен ара бал жинайды.

Оцените статью
Добавить комментарий