Ескек аяқты құстар

Құстар

Ескек аяқты құстар (лат. Pelecaniformes, орыс. Пеликаны) – суда жүзетін құстар отряды.

Денесі ірі, мойны едәуір ұзын, қанаты жалпақ, ұзын, аяқтары қысқа, саусақтарының арасы жарғақты. Ескек аяқты құстар деп аталуы да осыдан. Суда жақсы жүзеді, көпшілігі жақсы сүнгиді. Су жағалауындағы жартастарға, ағаш басына (суқұзғын), қалың қамыс, бұталар арасына, су жиегіндегі салын үстіне (бірқазан) топтанып ұялап, 1-3, кейде 5-7 жұмыртқа салады. Жемі негізінде балық. Ескек аяқты құстар 6 тұқымдасқа (олушалар, фаэтондар, фрегаттар, суқұзғын, жыланмойындар және бірқазандар) бөлінеді.

Жер шарының солтүстік аймақтарынан басқа жердің барлығында дерлік мұхит, теңіз жағалауында, ірі өзен, көлдерде таралған. Қазақстанда үлкен суқұзғын және айдарлы суқұзғын (сирек), бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан бар. Бұлар әсіресе Каспий, Арал теңіздері жағалауында, Қамыс-Самар, Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Зайсанда, кейде Сарысу, Ырғыз, Торғай өзендерінің атырабында, Қорғалжын көлінде кездеседі.

Еті дәмсіз, кәсіптік маңызы жоқ. Суқұзғын кей жерде балық шаруашылығына зиян келтіреді .

Оцените статью
Добавить комментарий