Кермек

кермек өсімдік Өсімдіктер
Кермек орысша
Flora von Deutschland, Österreich und der Schweiz, 1885

Кермек (лат. Limonium, орыс. Кермек) – қорғасыншөптер (бұрындары томар бояу) тұқымдасына жататын негізінде көп жылдық шөптесін не шала бұта өсімдіктер туысы.

Биіктігі 15 – 80 см, сабағының түбі қатайып сүректенген, ұшына қарай көптеген бұтақтар тарайды. Сабақтары жапырақсыз, жапырақтары сабақ түбіне шоғырланған. Қабыршақты, ине немесе желпуіш тәрізді жіңішке, тегіс жиекті жапырақтары өркенге сағақты кейде сағақсыз (отырмалы) кезектесіп орналасады. Сабағының түбіндегі ірілеу жапырақтары жертағандап сабақты айнала дегелектеніп жатады. Гүлі ұсақ, қызғылт, солғын қызғылт, күлгін сары, әдетте шашақ тәрізді. Жеке гүлі ойыс немесе түтік тәрізді жұқа жарғақты 5 тостағаншадан, күлгін, қызғылт, сары түсті 5 күлтеден, 5 аталық және бір аналықтан тұрады. Майда гүлдері жиі бұтақталып тарамдалған біржақты масақ гүлшоғырына жиналған. Шілде – қыркүйек айларында гүлдейді. Жемісі – құрғақ, өте жұқа жарғақ қабықты жақтауынан немесе қақпақшасынан ашылады.

Жер шарында кең тараған, Еуропада, Азия, Африка, Америкада тараған 160-тай түрі бар. Қазақстанда Балқаш-Алакөл ойысы мен Іленің сусымалы құмдары мен сортаң топырақты жерлерінде, Сөгеті, Сарытоғай, Көртоғай, Шарынның тастақты беткейлері мен тау етектерінде өсетін 18 түрі өседі.

Бұлардың арасында томар бояудың (Lіmonіum gmelіnі), кермексабынның (Lіmonіum otolepіs), каспий кермегінің (Lіmonіum caspіum) т.б. шаруашылық маңызы үлкен. Кермектің тамырларынан тері илейтін зат және тері, кілем бояйтын бояу алынады. Әсемдік үшін өсіруге болады.

Томарбояулы кермек (Lіmonіum gmelіnі) – қазіргі халықтық медицинада қолданылатын дәрілік өсімдік. Тамырының қайнатпасын жас сәбилердің іші өткенде ішкізеді.

Кермектің 2 түрі Михельсон Кермегі (Lіmonіum mіchelsonіі) мен Резниченко Кермегі (Lіmonіum reznіczenkoanum) реликт түрлері ретінде ерекше қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Оцените статью
Добавить комментарий