Жусан (лат. Artemisia, орыс. Полынь) – күрделі гүлділер тұқымдасының бір туысы.
Бір жылдық, екі жылдық немесе жылдық шөптесін өсімдіктер не шала бұта. Сабағы тік не көлбеп, көбінесе түптеніп өседі. Жапырақтарының пішіні әр түрлі, кезекті орналасқан. Түптеніп өскен жеке сабақтары ұзынды-қысқалы, бір жылдық не көп жылдық болады. Көп жылдық сабақтары тұқым бермейді. Бір жылдық сабақтарының ұшында сыпырғы тәрізді гүл шоғы бар. Гүлі сары, қызғылт. Жеке гүлдері диаметрі 1,5-5 мм-дей ұсақ зембілше және оның жиегінде тұқым беретін аналық гүлдері, ортасында тұқым бермейтін бедеу аналық гүлдері және аталық гүлдері болады.
Еуропада, Солтүстік Африкада, Азияда және Солтүстік Америкада жусанның 500-дей, Қазақстанда 81 түрі бар. Жусан республиканың дала, шөл, шөлейт аймақтарында өседі. Көптеген түрінің шаруашылықта, парфюмерияда, медицинада маңызы бар. Мысалы, кебірсіген топырақтың бетін жел үрлеп кетуден сақтайды, шағыл құмның жылжуын тоқтатады, қар ұстайды. Түркістан облысында дәрі дайындауға қажетті жусан туысының бір түрі дермене өседі. Сор, сортаң жерлерде өсетін қара жусанды жеген қой, ешкі, далалық жердегі наржусанды, тамыр жусанды жеген қой, ешкі, жылқы жақсы семіреді. Жусанның арам шөп түрлері де бар.