Жеміс (лат. fructus) – жабық тұқымды өсімдіктер органдарының бірі.
Жеміс ұрықтанған аналықтан дамиды, бірақ көптеген өсімдіктерде басқа бөліктерінен де (гүл кіндігі, гүл серігі) дамиды . Жемістің ішінде тұқым болады, партеногенездік жолмен дамыған жеміс көбіне тұқымсыз болады. Өсімдік түріне байланысты жемістің пішіні, көлемі, түсі әр түрлі болып келеді. Әдетте құрғақ жеміс және шырынды жұмсақ жеміс деп бөледі. Құрғақ жемістің көп тұқымды қақырап ашылатын (бұршақ, бұршаққын, қауашақ т.б.) және бір тұқымды қақырап ашылмайтын (жаңғақ, жаңғақша, қанатты жеміс, тұқымша, дәнек) түрі бар. Шырынды жемісті көп тұқымды (жидек, асқабақ, алма, аран т.б.) және бір тұқымды (сүйекті жеміс) жеміс деп бөледі. Жемістің ең сыртқы қабаты (экзокарпий) түсі жылтыр не балауызды (шомырт, алхоры, жүзім), түкті (шабдалы), ескін шелі (үйеңкі) болады. Шырынды жемістерде экзокарпий қабатынан кейін қант, май жиналатын жұмсақ етжендi мезокарпий (өрік, шие т.б.) қабаты түзіледі. Жемістің ең ішкі қабаты (эндокарпий) кейбір өсімдіктерде қатайып, сүйектеніп кетеді (алхоры т.б.), кейбіреуінде жұмсақ шырынды (лимон, апельсин) немесе үлпекке (бұршақ тұқымдасы) айналады. Экзокарпий мен мезокарпий клеткаларында хлорофилл болғандықтан, пісіп жетілмеген жеміс пісіп жетілу кезінде клетка шырынында антоциан пигментінің көбеюіне, хлоропластың хромопласқа айналуына байланысты жемістің түсі өзгереді. Бір гүлдегі бірнеше аналықтан (таңқурай, сарғалдақ, қара бүлдірген, т.б.) пайда болған жемісті күрделі жеміс деп атайды. Бұл жағдай да күрделі жеміс құратын әр жеміс аналықтан дамиды. Гүл шоғырындағы жеке гүлден дамыған жемістерді шоқ жемістер дейді. Мысалы, тұт ағашының бір ет женді жидектері жеке-жеке жалған жемістерден құралады да, олардың жеміс серіктері өзара кірігіп кетеді, ал жүзімнің гүл шоғырынан пайда болған жидектері піскен кезде дара-дара болады.
Өсімдіктердің піскен жемістері мен тұқымы өскен жеріне ғана түсіп қоймай, жел (анемоxория), су (гидрохория), жануарлар (зоохория) және адам (антропохория) арқылы таралады. Белок, май, углевод, витаминдері көп болғандықтан, жеміс тағамға, мал азығына, түрлі өнеркәсіпте пайдаланылады. Көптеген жемістен дәрі, бояу алынады. Улы және арам шөптердің жемісі зиянды болады.