Итсигек

итсигек Өсімдіктер

Итсигек (орыс. Ежовник безлистный, лат. Anabasis aphylla) – алабота тұқымдасының бір түрі.

Биіктігі 30-75 см, шала бұта. Жапырағы өте ұсақ, қарама-қарсы орналасқан, ұзындығы 2-3 мм, үш бұрышты. Гүлі қос жынысты, өте ұсақ, сарғыш не қызғылт, гүл шоғы бұтағы ұшында, пішіні масақ тәрізді. Жаз аяғында, күзде гүлдейді. Аналығы біреу, аталығы бесеу, жемісі – қауашақ, ішінде пішіні қошқар мүйіз тәрізді тұқымы болады. Итсигектің бұтақтары жапырақсыз, бунақталған жұмыр, шырынды. Тамырының ұзындығы 6 метрге жетеді, сондықтан құрғақшылыққа төзімді, шөл, шөлейіт, тақыр жерлерде өседі.

Иран, Түркия, Сирия, Солтүстік Африка (Алжир, Тунис), Монғолия, Солтүстік Кавказ, Закавказьеде 30 түрі өседі. Негізінен Орта Азияда, Қазақстанның Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында таралған.

Итсигектің жасыл бұтағынан 7 түрлі алколоид алынады. Оның бірі – анабазин ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестеріне қарсы пайдаланылады. Қазақстанда итсигектің жасыл сабағынан анабазин өндіріледі.

Итсигек – улы өсімдіктің бірі. Ақселеу Сейдембектің жазбаларында итсигек өсімдігі туралы мынадай аңыз әңгіме кездеседі: «Ауылдың қадірлі қариясы Шөптібай ақсақал ауыл жігіттеріне ылғи да итсигектің уын жинап қоюға кеңес беріп жүреді екен. Басқа өсімдіктер жер астынан дүркірей көтеріліп, шілденің соңына қарай қурай бастағанда, итсигек қана қан-сөлсіз қуарып, бунақталып ербиген қалпында тұрады. Тек шілде айында ғана серейген бұтақтарына жан бітіп, әр жерінен ұсақ көк түйіндер пайда болып, шілде ортасы ауғанда көк бұтаның басынан қан-сөлсіз, күн қуратқан шүберектей болып бес тілді ұсақ гүл бүр жарады. Жігіттер гүлін көп салған, буыны көп, бойы аласа итсигекті таңдап жүріп жинап, үш-төрт шойын қазанды Былқылдақтың сорына апарып, қазандарды улы шөптің үстіне төңкеріп жабады да, қазан ернеуін айналдыра топырақпен көміп, таптап тастайды. Шілде мен тамыздың мый қайнатқан ыстығында қара қазан итсигекті тұмшалап, төңкеріліп жатады. Тек қыркүйек айында әлгі жігіттер қайта келіп, қазанды жел жағынан төңкеріп (олай етпегенде шөптің уы бетті шалып кетеді) қазанның қабырғасына көк-шұбар болып жабысқан уды қырып алады да, қыста өлген малдың етіне жағып қояды. Көкжалдар улы етті бірер қарбытқан соң, сенделіп мас болып, сеспей қатады».

Төрт түлік малды тіршілігінің тірегі еткен қазақ халқы үшін, жер қойнынан өсіп шығатын әрбір түп өсімдік сол төрт түлігіне азық болумен қатар, оларды ит-құстан да қоритын қару ретінде пайдаланылып отырған. Сонымен қатар, бұл өсімдіктің малдың қышымасы мен қотырына мыңнан бір ем екендігі халық арасында жиі айтылады. Ол үшін тамыз айында итсигек тамырын жинап, кептіріп, келіге түйіп ұнтақтайды. Ұнтақты шүберекке түйіп, аздаған суға қайнатып алады да, буына бұқтырып қояды. Осы суды ұнтағымен қосып, темір бөшкеге сақтап, малдар қышымамен ауырғанда шетінен пайдаланып отыруға болады. Бұл өсімдіктің улылығы туралы М. Хажымұратовтың «Қазақстанда кездесетін улы өсімдіктер» кітабында: итсигектің бойында: анабазин, афилин т.б. бар. Анабазин – күшті у. Оның әсері темекі никотинінің әсеріне ұқсас. Аз мөлшерінің өзі адам мен малдың тыныс мүшелерін зарарлап, өлімге дейін апарып соғуы мүмкін. Бұл алкалоидтың түрліше ұсақ жәндіктерді улайтын қасиеті бар. Мысалы, бүргелердің, биттердің, кенелердің денесіне тисе болды, оларды қатты уландырады. Кейбір жәндіктер үшін иісі де жеткілікті» деген ақпарат берілген.

Адам денесiндегi және малдың әр түрлi қотырларын емдеу үшiн итсигектен тағы бiр тәсiлмен дәрi алу жолын А.И. Левшин “Описание киргиз-казацких или киргиз-кайсацких орд и степей” атты еңбегiнде толық жазып көрсетедi. Жерден терең ор қазып, iшiн от жағып күйдiредi де соның iшiн итсигектiң жас бұтақтарымен толтырып, бетiн топырақпен жауып, киiзбен қымтап тастайды. Осылай екi аптаға, мүмкiн болса одан да көп уақытқа қалтырады. Мерзiмi келгенде шұңқырды, одан шыққан бу көздi алып кетпейтiндей ептеп ашып, морланған бұтақтарды суға салып қайнатып, құмыраларда сақталатын деготь тәрiздi дәрiлiк зат алынады. Осындай тәсiлмен жасалған сұйықты өте ептiлiкпен, байыппен, епсектi адам қажетiне қарай қолданбаса, мөлшерден сәл аса жағылса адам немесе мал өлiп кетуi мүмкiн.

Оцените статью
Добавить комментарий