Емен

Ағаштар
Емен
1- гүлді бұтағы; 2 – жемісі мен жапырағы; 3 – жемісі.

ЕМЕН (лат. Quercus, орыс. Дуб) — шамшат тұқымдасына жататын, жапырақ тастайтын не мәңгі жасыл ағаш, кейде бұта. Жапырағы кезекті орналасқан, жалпақ, жиегі тілімделінген кейде тегіс. Гүлдері ұсақ, реңсіз, дара жынысты, бір үйлі, аталық гүлі сырға тәрізді, аналық гүлі жеке – жеке не гүл сабағына шоғырланған. Жемісі – бір дәнді шошқа жаңғақ.

Емен баяу өседі, 20-80 жыл бойлап өсіп, кейін жуандайды. Орман ішінде жарық мол жерде жақсы өседі. 15-60 жасында жеміс бере бастайды, ол күзге қарай піседі, көбінесе жаңғағынан өсіріледі, бірақ оны сол жылы егу керек, өйткені өсу қабілетін тез жоғалтады.

Жер шарының cолтүстік жартысындағы қоңыржай, субтропик және тропик аймақтарында емен туысының 450-дей түрі өседі. Қазақстанда орман шаруашылығында едәуір маңызы бар еменнің бір ғана түрі – жаздық емен (quercus robur) өседі. Оның биіктігі 40 метрге жетеді, сәуір, мамырда гүлдейді, Жайық, Елек өзендері бойында, Сарыарқаның шығысында кездеседі, Қазақстанның оңтүстіктегі қалаларында, Алматыда өсіріледі.

Еменнің өндірістік маңызы зор, ағашы өте мықты және қатты болғандықтан кеме, вагон, мебель, үй құрылысында, ыдыс, тығын жасауға т.б. қолданылады. Жас еменнің  қабығынан дәрілік заттар дайындалады, жаңғағын кофеге қосады, малға береді. Жапырағынан бояу, қабығы мен сүрегінен тері илейтін зат (таннин) алынады. Көптеген түрі әсемдік үшін өсіріледі.

Оцените статью
Добавить комментарий