Ехидна (лат. Tachyglossidae) – жұмыртқа салатын сүт қоректілер отрядының бір тұқымдасы. Екі туысқа бөлінетін 5 түрі бар. Жақсы белгілі түрі – австралиялық қысқа тұмсықты ехидна. Оның тұрқы 50 см-ге дейін, денесі аласа келген, арқасы тікенді, аяқтары қысқа, жуан бес саусақты, тырнақтары ұзын (ең үлкені 5 см-дей), күшті, жер қазуға бейім, құйрығы қысқа, тұмсығы түтік тәрізді ұзын, аузы кішкене, тілі ұзын.
Ехиднаның басқа сүт қоректілерден бір ерекшелігі ол бір жұмыртқа салып, оны бауырындағы қалтасында дамытады. Дамып жетілген ұрпағы жұмыртқа қабығын жарады да, анасының сүт бездерінен шыққан қою затпен қоректенеді, денесіндегі тікеннің ұзындығы 8—9 см-ге, салмағы 400 граммға жеткенде анасының қалтасынан түседі. Ехидна қалың өскен бұталардың арасын мекендейді, қорегі құмырсқа, термит, құрт т.б. омыртқасыздар. Оларды ұзын тіліне жабыстырып алып жейді.
Ехидна (Австралия үйректұмсығын есептемегенде) жалғыз ғана жұмыртқа салушы сүт қоректі.