Жидек дақылдары – ауыл шаруашылығында қолдан өсірілетін және жидек беретін өсімдіктер.
Бұған бүлдірген, таңқурай, қарақат, қарлыған т.б. жатады. Жидек дақылдарында неше түрлі қанттан басқа С, Р витаминдері, микроэлементтер – калий, темір т.б. тұздар болады. Жидек дақылдары өте өнгіш, егер жақсы күтсе гектарынан 10-15 м өнім жиналады, тез көбейеді, мұның әрбір бұтасынан бір жылдың өзінде көптеген көшет алуға болады. Кейбір жидек дақылдары жылына екі рет өнім береді. Бүлдіргеннің Қазақстанда 25 сорты (Аэлита, Героиня Маншук, Қылыш Бабаев, Комсомолка, Консервная, Крымская, Кульвер, Ласточка, Луи-Готье, Любовь Поволжья, Мысовка, Нежная, Новинка, Память Шредера, Поздняя из Леопольдсгалля, Рощинская, Сеянец Туполевой, Талгарская, Ташкентская, Узбекстанская, Урожайный, Ада, Сахалинская т.б.) өсіріледі. Мұның ішінен алтауын (Героиня Маншук, Қылыш Бабаев, Ласточка, Нежная, Сеянец Туполевой, Талгарская) қазақстандық селекционерлер шығарды.
Таңқурайдың Вислуха, Мальбора, Новость Кузьмина сорттары Алматы облысымен Қазақстанның солтүстік облыстарында аудандастырылған. Орлеанская красавица Алматы облысында, Түркістан облысының оңтүстік және орталық аудандарында, Мичуриндік Прогресс сорты Қазақстанның батыс облыстарында, Усанка сорты Қазақстанның батыс және солтүстік облыстарында, Феникс сорты Қазақстанның оңтүстік- шығыс облыстарында өсіріледі. Сондай-ақ, қазақтың алтайлық қызыл, өзбекстандық ірі жемісті сорттары Қазақстанның көптеген жерінде аудандастырылды. Қазақстанда қарлығанның 4 сорты (Долинский розовый, Мысовский 17, Мысовский 37, Хаутон) өсіріледі. Жидек дақылдарынан консерв, компот, варенье, джем, сок т.б. дайындайды, қолдан кептірген жемістерінің шипалық маңызы бар.