Жылан (лат. Ophidia) – бауырымен жорғалаушылардың бір отряд тармағы.
Дене пішіні ұзын, жіңішке, көптеген түрінің аяғы жоқ, кейбіреуінде (айдаһар) рудимент түрінде болады. 200-450 омыртқасы бар, сондықтан денесін жақсы иіп, бүгіп қозғалады. Денесі қабыршақты. Төменгі жақ сүйектері сіңір арқылы жалғасқандықтан өзінен едәуір ірі жемін жұта алады. Тілі жіңішке, ұзын, ұшы екі айырымды және ол – сезім органы. Улы жыланның көзінің арт жағында және астында құрамында альбумин, глобулин, фермент, су, тұз т.б. заттар болатын, сарғылт немесе жасылдау улы зат түзетін арнайы безі болады. Уы осы безден «улы» тісі – түбіне келеді. Жылан шаққанда уы тіс бойымен ағады. Барлық улы жыландар жемін түнде аулайды, күндіз аз қозғалады. Жылан бақа, кесіртке, ұсақ тышқан мен құстарды, насекомдарды т.б. жейді. Жыландар жұмыртқалап (көзілдірікті жылан, Гюрза), жұмыртқалай тірі туып (құм эфасы, қалқантұмсық, дала сұр жыланы) көбейеді. Жыныстық жағынан үшінші жылы жетіледі. 10 жылға дейін не одан да астам уақыт тіршілік етеді. Тышқан індерінде (70-90 см тереңдікте) қыстайды. Жыланның көпшілігі жерде (бұта, шөп арасында, тас астында, інде, ағаш басында) тіршілік етеді, кейбір түрі жақсы жүзеді. Теңіз жыландары тіршілігін өне бойы суда өткізеді. Жыландардың ең ірісі – айдаһарлар, бірақ бұлар улы емес. Жыланның жер жүзінде 13 тұқымдасқа жататын 2500-дей түрі бар. Негізгі тұқымдастары: соқыр жыландар (Typhlopidae), ұсақ, зиянсыз. Айдаһарлардың (Boidae) ұзындығы 10 метрге жетеді, аспидтер (Elapidae) аса улы (көзілдірікті жылан, бунгара т.б.), сұр да (Viperidae) улы (гюрза, құм эфасы, әр түрлі жыландар), сылдырмақты жыландар (Crotalidae) сұр жыландар тәрізді улы (мысалы, қалқантұмсық), су жыландардың (Colubridae) улы, улы емес түрлері де бар. Жыланның көпшілігі тропик, субтропикте тараған. Қазақстанда 5 тұқымдасқа (соқыр жыландар, айдаһарлар, су жыландары, сылдырмақты жыландар) жататын 17 түрі бар. Мұның ішінде соқыр жылан, сары бауыр, медянка, оқ жылан, қалқантұмсық, айдаһардың 2, су жыланның 2, қара шұбар жыланның 2, сұр жыланның 3 түрі бар. Жыланның кейбір түрі зиянды насекомдарды, тышқандарды жеп пайда келтіреді. Су жыландары балық шабағын жеп, ал улы түрі адамды, малды шағып зиян келтіреді.