Қарсақ – ит тұқымдасы, түлкі туысына жататын жыртқыш. Дене тұрқы 50-60 см, құйрығы 25-35 см. Түлкіге қарағанда құлағы үлкен, тұмсығы сүйір. Құйрығының ұшы қара қоңыр. Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Азияда, Солтүстік Кавказдан Қиыр Шығысқа дейін дала, шөлейіт аймақта, Қазақстанда таулы, орманды аймақтан, Қызылқұм, Мойынқұмнан басқа барлық жерде кездеседі. Ақпанда ұйығып, сәуірде 2-6 күшік туады. Тереңдігі 1-2 метр, ұзындығы 4-6 метр ін қазады, кейде түлкі, борсық інін мекендейді. Жемін түнде аулайды. Майда сүт қоректілердің, құс, жәндік, қоян, түрлі тышқандарды жейді. Қар қалың жылдары жылы жаққа қоныс аударады. Бағалы терісі үшін ауланады. Қысқы терісі өте бағалы.